Ссылки доступа

ІІМ: Қызылордада жол апатынан 8 адам қаза тапты

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахманов Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқандар саны 8-ге жеткенін хабарлады.

- Қазір ғана 8 адамның қаза тапқанын хабарлады. Зардап шеккендер саны - 21. Жол тайғақ болғандықтан автобус жүргізушісі рөлді басқара алмай, автобус аударылған. Қазір тергеу органдары жұмыс істеп жатыр. Автотехникаға сараптама жүргізіледі. Детальдарын қосымша хабарлаймыз, - деді 3 желтоқсанда таңертең Нұр-Сұлтанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Жанат Әбдірахманов.

Оның айтуынша, Құмкөл кен орнына бара жатқан 45-50 орындық үлкен автобус "Саутс-ойл" мұнай-газ компаниясына тиесілі. Автобуста болған адамдардың бәрі - Қазақстан азаматы.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Қызылорда - Құмкөл трассасына "Қазавтожол" компаниясы жауапты. Ақтөбе мен Қызылорда аумағында көктайғаққа байланысты жол жартылай жабылған. Барлық жолда жердің тайғақ екенін ескерткен белгілер қойылған.

3 желтоқсанда таңертеңгі сағат 5.30 шамасында Қызылорда облысында Қызылорда - Құмкөл автожолында автобус аударылған. Автобуста 35 жолаушы болған. Бұған дейін төтенше жағдай комитеті жол апатынан бірнеше адамның қаза тапқанын, 20-дан астам адамның зардап шеккенін хабарлаған. Ресми дерек бойынша, автобустың аударылуына жолдың тайғақ болуы себеп болған.

Оқиға орнында құтқарушылар, дәрігерлер, полицейлер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы "("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG