Ссылки доступа

"Золотая корона" Тәжікстанмен жұмыс істеуден бас тартты


”Золотая корона" жүйесі бұдан былай Ресейден Тәжікстанға ақша аударумен айналыспайды.

Тәжікстан Ұлттық банкі сәрсенбіден бастап азаматтар ақшасын енді тек "Юнистрим" және Contact төлем жүйелері арқылы ғана жібере алатынын мәлімдеді. Осыған дейін Ресейдегі еңбек мигранттарының 80 проценті ақшаны “Золотая корона” төлем жүйесі арқылы жіберіп келген.

Бірнеше күн бұрын Тәжікстан азаматтары Ресейден жіберілген ақшаны ала алмай жүргенін айтқан. Жергілікті азаматтар қаражат "Золотая корона", "Близко", MoneyGram және Western Union төлем жүйелері арқылы салынғанын айтқан.

Тәжікстан Ұлттық банкі қазір "Юнистрим" мен Contact төлем жүйелері ғана елде жұмыс істеу үшін рұқсат алғанын мәлімдеді. Таяу күндері олардың қатарын Western Union толықтырады.

Коммерциялық банктерге шетелден "Золотая корона" арқылы келіп түскен ақшаны төлеп беруге тыйым салынды.

Тәжікстанда 3 желтоқсаннан бастап ұлттық ақша аудару жүйесі істей бастаған. Оған сәйкес, халықаралық төлем жүйелері Тәжікстанның Ұлттық банкінде арнайы есеп-шот ашып, операцияларын сол арқылы жүзеге асыруға міндеттеген.

Осыған дейін ресейлік мамандар Тәжікстандағы жаңа талаптар Ресейдің бірқатар заңдарына қайшы келетінін, сол себептен Тәжікстанға ақша аудару қиын болатынын айтқан.

2019 жылдың тоғыз айында мигранттар Тәжікстанға 2 млрд 490 млн доллардан астам ақша аударған.

XS
SM
MD
LG