Ссылки доступа

Өзбек бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокатын елге кіргізбей қойды

Өзбекстанның бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжаны (Gregoire Mangeat) ел аумағына кіргізбеу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Грегуар Манжа Өзбекстанның түрмелері туралы жалған ақпарат таратқаны үшін осындай шешім қабылданды делінген мекеме хабарламасында.

"Грегуар Манжа қорғауындағы азаматпен кездесу үшін Өзбекстанға келгенде кәсіби адвокатқа тән жалпыға ортақ ережелерді бірнеше мәрте бұзған, Өзбекстандағы пенитенциарлы мекемелер туралы әдейі жалған мәлімет таратқан" делінген ресми мәлімдемеде.

Бұған қоса Гүлнара Каримоваға оның отбасы Өзбекстаннан адвокат жалдағаны хабарланды.

Грегуар Манжа Швейцарияда қаржы қылмыстарына айыпталған адамдарды қорғайтын фирманы басқарады.

Ол Каримованың соттары ашық өтпегенін, онымен кездестірмей отырғанын, бұдан басқа да кедергілерге тап болғанын жазды. Адвокат әлемдік қауымдастыққа Гүлнара Каримова туралы ғана емес, Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы колонияда отырған басқа да әйелдердің ауыр жағдайын жеткізді.

Гүлнараның Лондонда тұратын қызы Иман Каримова жақында Instagram’дағы парақшасына анасының ісіне қатысты жаңа мәлімет жариялады.

"Тергеуші Юлдашев Расул үнемі Г. Каримоваға қысым көрсетеді, ашық түрде қорқытады. 2018 жылы оның өзін әскери сот Бұхарадағы бір кәсіпкерді азаптап өлтірген деген күдікке қалған" деп жазды Иман.

Бұның алдында ол өзбек билігі анасының түрмедегі мерзімін жақында бесінші мәрте созғанын хабарлаған. Гүлнара Каримованың адвокаты қорғауындағы азаматтың әлі қанша жыл түрмеде отыруы керектігін білмейтінін айтқан.

XS
SM
MD
LG