Қашқадария облысының Касан ауданы тұрғындары Ориф Рустамов пен Шерзод Аликулов "International Experience" жекеменшік агенттігі әр азаматтан 4 мың доллар алып, Чехияға барып жұмыс тауып беремін деп уәде бергенін айтады.
42 жастағы Ориф Рустамов аталған компания Чехиядан жұмыс тауып береміз деген соң агенттікпен келісім-шартқа отырдық дейді. Ол келісімнің орындалуын күтіп, сегіз айда Қашқадариядан Ташкентке бірнеше рет барған.
"Ол жақта мен сияқты алданғандар өте көп болды. Күнде адамдар келіп, ақшасын қайтаруды талап етеді. Соңғы рет "International Experience" кеңсесінде 2 желтоқсанда болғам. Олар бастапқыда қайтарамыз деп жұмсақ сөйлеп жүрді. Соңғы рет үзілді кесілді талап еткен кезде, "Бұл жерден тайып тұрыңдар, мақұлықтар!" деді. Нәтижесінде жанжал болды. Болған жайдың бәрін милиция қызметкерлеріне айттық", – дейді Ориф Рустамов.
Аталған агенттік директоры Ойбарчин Кимсанова Ориф Рустамов пен Шерзод Аликуловтың расында 4 мың доллар ақша төлегенін айтты.
"Біз барлық құжатты дайындап қойған едік. Бірақ виза алу үшін Чехия елшілігіне әлі бара алмай жатырмыз. Жыл соңына дейін ақшаны қайтарып береміз. Бірақ бәрін емес. Себебі құжаттар толтыру кезінде біраз ақша жұмсалды", – дейді Ойбарчин Кимсанова.
Соңғы кезде Өзбекстанда жұмыспен қамту жөніндегі жекеменшік агенттіктер тарапынан алданған азаматтар саны көбейіп кетті.