Ссылки доступа

Қырғызстанда оқып жүрген ондаған қытайлық этникалық қырғыздар демалыстан кейін қайтып оралмаған


Тургунаалы Турсунаалы уулу (оң жақта) және Табылды Муратбеков. 14 мамыр, 2019 жыл.
Тургунаалы Турсунаалы уулу (оң жақта) және Табылды Муратбеков. 14 мамыр, 2019 жыл.

Қырғызстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 40-тан астам қытайлық этникалық қырғыз студент 2018 жылы жазғы демалыстан кейін оқуға қайтып келмеген. Қырғыз билігі Қытайдан келіп білім алып жатқан қандастар туралы мәліметті кейінірек беретінін мәлімдеді.

2019 жылы сәуір айында «Қытайлық қырғыздарды қолдау комитеті» Қырғызстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 40-тан астам қытайлық студент 2018 жылы жазғы демалысқа кеткеннен кейін оқуға қайтып келмегенін айтқан. Таяуда комитет өкілі Марат Тагаев қытайлық студенттерге байланысты ешқандай хабар жоқ екенін мәлімдеді.

- Мәлімет бойынша 45 студент болды. Бірақ олардан ешқандай хабар жоқ. Расталмаған мәліметтер бойынша олардың көбі «лагерге» кіріп шыққан.

Қазір Бішкекте жоғары оқу орындарында білім алып жатқан этникалық қырғыздар бар. Олар журналистер түгілі бөтен адамдармен сөйлесуден қорқады.

2019 жылы сәуір айында аты-жөнін жасырған студент мынадай мәліметпен бөліскен.

- Қазір ашық сұқбат берсек, ол жақтағы ата-анамызға зияны тиіп кетеді. Бұл жақта қалғандардың көбі азаматтық алып алған. Бірақ оны ашық айтпаймыз. Қытайлық қырғыздар Ұлттық консерваторияда, Ұлттық университетте, «Манас» университетінде, Бішкек гуманитарлық университетінде оқып жатыр. «Манас» университетінде оқығандардың бәрі елге кетіп, қайтып оралмады. Бішкек гуманитарлық унриверситетінде жеті баланың бесеуі кетіп, қайтып келмеді. 2017 жылы кеткен бір бала Үрімшіден түсіп қалып, үйіне де бармапты.

Білім беру және ғылым министрлігі мәліметіне қарағанда, жыл сайын Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркия және Қытайдағы қырғыздарға Қырғызстан жоғару оқу орындарына 75 грант бөлінеді.

Қытайда тұратын аз ұлт өкілдері арасында қырғыздар да қамауға алынып жатқаны жөнінде ақпарат 2018 жылдың күзінен бастап тарай бастады. «Қытайдағы қырғыздарды қолдау комитетінің» расталмаған мәліметіне сәйкес, Бейжің ресми түрдө «саяси тәрбиелеу лагері» деп атаған орындарда 50 мыңдай қырғыз отыр. Қырғыз билігі бұл мәліметтерді ресми растаған емес.

XS
SM
MD
LG