Ауғанстанның бірінші вице-президентінің баспасөз хатшысы Ризван Мурадтың айтуынша, қаскөйлер Амрулла Салехтің кортежіне шабуылдаған.
"Ауғанстанның және ұлт мүддесіне қызмет етушілердің жаулары бүгін Амрулла Салехті өлтіргісі келді. Жаратушының және халықтың қалауымен ол тірі қалды", - деді хатшы.
Оның айтуынша, Амрулла Салехтің үш оққағары жараланған. Шабуылдан зардап шеккендер туралы ресми мәлімет әзірге жарияланбады.
Алайда Би-Би-Си телеарнасы жарылыстан екі адам қаза болғанын, 12 адам жараланғанын хабарлап үлгерді.
Жарылыс жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алған жоқ.