Ссылки доступа

Батыс ұйымдары полицияның белсенділерді қоршауын "репрессивті әдіс" деп атады


Батыс құқық қорғаушылары 10 қаңтарда Алматыда арнайы жасақтың сайлауға наразылық білдірген белсенділерді алаңда бірнеше сағат ұстауын айыптап, оларды жылжытпау үшін қолданған әдіс - кеттлингті "бейбіт демонстранттарға бағытталған репрессивті тактика" деп атады.

Норвегиялық Хельсинкі комитетінің кеңесшісі Ивар Дале президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "адам құқығын таптауды тоқтатуға шақырды". Дале полиция қоршауында қалған адамдардың видеожазбасын ретвиттеп, "Қазақстан сайлаудың әділ әрі ашық өтуін талап еткен адамдарға репрессивті стратегия қолданып жатыр. Егер полиция бұрын бейбіт демонстранттарды жаппай ұстаса, қазір оларды далада тар жерге тықсырып, сағаттап ұстап жатыр" деп жазды.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман да Twitter-де полицияның "бейбіт демонстранттардың шағын тобына репрессивті тактика" қолданып жатқанын айтты.

10 қаңтарда Алматыда Жанболат Мамай бастаған демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері мен Oyan, Qazaqstan қозғалысы сайлауға наразылық білдіру үшін орталық алаңға келген кезде арнайы жасақ құрсауында қалған. СОБР жасақтары Oyan, Qazaqstan белсенділерін - 6 сағаттан астам, Мамай жақтастарын шамамен 9 сағат аязда ас-сусыз ұстады. Белсенділердің туыстары оларды "тіпті дәретханаға да жібермей жатқанын" айтты. Жексенбі күні алаңда интернет өшті.

Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль белсенділерді жібермей ұстап тұрған арнайы жасақ заңды бұзып отыр деп мәлімдеді. Белсенділер кейінірек түнде босатылған. Кейбірі ауруханаға түскен.

Полиция кеттлинг әдісін алғаш рет пайдаланып отырған жоқ. 16 желтоқсан күнгі наразылық кезінде Oyan, Qazaqstan мен Мамай жақтастары үш сағатқа жуық полиция құрсауында болған.

  • 10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өтіп отырған парламент сайлауы. Дегенмен сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз екенін айтқан.
  • Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды. Ол қазір өкілеті күшейген Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етеді, саяси алаңда басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын басқарады. Экзит-полл қорытындысы бойынша, "Нұр Отан" партиясы 71 пайыздан астам дауыс алған. Сайлаудың алдын ала нәтижесі әлі жарияланбады. Экзит-полл қорытындысы бойынша, парламентке тағы екі билікшіл - "Ақ жол" және "Қазақстан халықтық партиясы" өтеді. Сайлауға бірде-бір оппозициялық партия қатыспады. Көптеген белсенділер саясаттанушылар 10 қаңтар күнгі сайлаудың әділетсіз өткенін айтқан.
  • ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
XS
SM
MD
LG