Ссылки доступа

Мәскеуде құлағы нашар еститін қырғыз азаматы терроризм айыбымен жеті жылға сотталды


Мәскеудің әскери соты 19 ақпанда 32 жастағы қырғыз азаматы Талант Онуровты жеті жылға соттау туралы үкім шығарды.

Сот оны теракт дайындады және терроризмді интернетте насихаттады деп таныды. Тергеу мәліметі бойынша, Онуров терроризм идеологиясын қалыптастыратын материалдарды желіде жариялаған.

Қырғыз азаматы үш жылды түрмеде, төрт жылды қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Прокуратура мәліметі бойынша, Онуров 2019 жылғы қыркүйекте теракт жасау үшін Ресейге келіп, астанада қылмысты жүзеге асыруға көмектесетін адамдар іздеген. ​2019 жылғы қазанда ол ұсталып, тергеу абақтысына қамалды. Тағылған айыптарды мойындады. Күдікті террористік шабуылды нақты қай жерде жасағысы келгенін, оны жүзеге асыру үшін не істегенін прокуратура ашып айтпады.

Онуровтың анасы Азаттық радиосының қырғыз қызметіне баласының құлағы нашар еститінін, мүгедек екенін айтты. Ол Балыкчи қаласынан Бішкекке есту аппараты үшін ақша табуға кеткен. Ана баласының радикал ислам ағымына қатысы бар дегенді жоққа шығарды.

"Ұлым террорист дегенге сенбеймін. Оның исламнан да, терроризмнен де хабары жоқ. Ол жұма намазға өте сирек баратын. Үйде дінге ешкім қатты қызықпайды. Танымайтын адамдармен араласпайтын. Жала құрбаны болды", - дейді сотталушының анасы.​

XS
SM
MD
LG