Ссылки доступа

Коронавирус өршіген Алматыда карантин босаңсыды


Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда карантин ережесі босаңдап, сауда және қызмет көрсету мекемелерінің жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар артып бара жатқан тұста Алматы қалалық бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 2 сәуірде осындай қаулы қабылдап, ол құжат 3 сәуірде күшіне енді.

«COVID-19 мутацияланған штамдарының кесірінен Алматы қаласында эпидемия ахуалы нашарлап жатқанын» мойындаған бас санитар дәрігер сауда және сауда-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берді. Мұндай орталықтар тек демалыс күндері жабық болады. Қаулыға сәйкес әмбабап базаларлар да жұмыс күндері ашық болады. Ашық және жабық азық-түлік базарлары жексенбіден өзге күндері жұмыс істей береді.

Қоғамдық тамақтану орындары – асхана, кафе, мейрамханалар жұмыс күндері 7 мен 22 арасында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Наурыз айында енгізілген ереже бойынша, оларға тағамды жеткізіп беру не алып кету әдісімен жұмыс істеуге ғана рұқсат берілген.

Қонақүй, туристік кешен, шаштараз және сұлулық салоны сияқты нысандар орындардың 50 пайызы ғана толатындай деңгейде жұмыс істей алады. Білім беру орталықтары да дәріс өткізуге мүмкіндік алды, тек топтағы адам саны оннан аспауы тиіс.

Бұдан бұрын, наурызда қабылданған ереже қаладағы кәсіп иелерінің наразылығын туғызған. Олар жұмысшылар жалақысы мен жалдау ақысын төлеу үшін мемлекеттен күніне 2 миллиард теңге өтемақы талап еткен.

Алматының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, студенттер мен оқушылар оқу жылын қашықтан оқып бітіреді. Дегенмен, мектептің 1-5 және 9, 11-сыныптарында ата-ана өтініші негізінде кезекші сыныптар ашуға рұқсат берілді. Бұл сыныптардағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Қашықтан оқуға мүмкіндігі жоқ студенттер жатақханада қала алады.

Бас санитар дәрігер көппәтерлі тұрғын үйлердің баспалдақ, лифттерін, аула, ойын алаңдарын және қоғамдық көліктерді дезинфекциялауға пәрмен берді.

Алматыда жұма күні коронавирус жұқтырған 647 науқас тіркелді.

XS
SM
MD
LG