Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда аштық жариялаған белсенділер құзырлы орындарға өз акциялары туралы хабарлама жолдады


30 маусымда Нұр-Сұлтанда он күннен бері аштық жариялап жатқан азаматтық белсенділер Қазақстан президенті Тоқаевқа, билікке, құзырлы орындарға, халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдарына, дипломатиялық миссияларға хабарлама жолдап, акцияларына назар аударуды сұрады.

Хабарлама Egov порталы арқылы азаматтық белсенді Әлия Жакупованың атынан жолданып, оған аштық жариялап жатқан Әсия Бақаева, Гүлнар Жұмағұлова, Ақнұр Қалиянұрова, Семигүл Ошақбаева қол қойған.

Хатта белсенділер Конституциялық кеңестен ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарын экстремистік ұйым деп жариялаған Есіл аудандық сотының шешіміне құқықтық баға беруді, бұл қозғалыстарды Еуропарламент қаулысында аталғандай "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп тануды сұраған.

Белсенділер Есіл аудандық сотының шешімін құқықтық процедуралардан өту үшін ашық түрде жария етуді, қамаудағы барлық белсендіні шығаруды және оларды реабилитациядан өткізуді талап еткен.

- Мен төрт жылдан бері белсенділікпен айналысамын. Бірнеше мәрте тінтті, айыппұл салды, қамады. Қазір "экстремизм" күдігіне ілініп, үйқамақта отырмын. Маған қатысты сот процесі әлі жүріп жатыр. Менің қаншама серіктерім жазықсыз қамауда отыр. Біздің аштығымызға біреулер сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Бірақ біз өз позициямызға берікпіз. Менің мемлекетім мені естімейді, бізді естімейді. Әліміз келгенше, күйіміз жеткенше акциямызды жалғастырамыз, - деді Әлия Жакупова Азаттыққа.

Ол хаттың Egov порталы арқылы құзырлы орындарға жеткенін көріп отырғанын айтты.

Әлия Жакупованы қоштаған 62 жастағы Әсия Бақаева да аштықтан әлсірей бастағанын, бірақ елдегі адам құқығын қорғауға осылай үлес қосуға тырысатынын жеткізді.

20 маусымда Алматыда бір топ белсенді аштық акциясын бастаған. Кейін бұл акцияға Нұр-Сұлтан, Орал, Шымкент, Түркістан облысындағы белсенділер қосылған еді. Кейбір белсенді акция кезінде денсаулығы сыр беріп, аштықты тоқтатты.

Аштық акциясына қатысып жатқан белсенділер саяси тұтқындарды босатуды, саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды, Еуропарламент қарарындағы адам құқығына қатысты талаптарды орындауды, ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімін жоюды, Қазақстанның сыртқы қарызы туралы есеп беруді талап етеді.

Белсенділердің аштық акциясына Қазақстан билігі тарапынан әзірге ешкім пікір білдірмеді. Аштық жариялағандар Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимовны шақырған. Азаттық тілшісі омбудсменнен белсенділер талабы туралы пікірін сұрамақ болған еді, бірақ ол уақыты жоқтығын айтып, сауалды жазбаша түрде жолдауды сұрады.

  • Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Қазақстан бас прокуратурасының пікірінше, екі қозғалыс – бір ұйым. Бірақ қозғалыс жақтастары мұны жоққа шығарады. Аталған екі ұйымға шыққан сот шешімдері жарияланбады. Белсенділер сот шешімдерін апелляцияға беруге талпынғанмен нәтиже болмады. Ал Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Саяси көзқарасына байланысты қудаланған белсенділерді босатуға үндеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қарар қабылдалғалы бірнеше ай өтсе де, Нұр-Сұлтан бұл бағыт бойынша бірде-бір қадам жасамаған. Есесіне осы ұйымдарға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар қатары көбейіп келеді. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.
  • ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
XS
SM
MD
LG