Ссылки доступа

Түркіменстанда аборт жасауға тыйым салу жемқорлыққа жол ашты


Көрнекі сурет.

Түркіменстанда жүктіліктің бесінші аптасынан кейін аборт жасауға тыйым салатын заң бар. Құжатты сынға алған дәрігерлер әйелдердің көбі бұл уақытта жүкті екенін білмей жататынын айтады.

Түркіменстанда жуырда қабылданған заңға қарамастан, аборт саны азайған жоқ. Әйелдердің көбі жүктілікті жасанды түрде үзу үшін пара беріп жатыр дейді дәрігерлер мен әйелдер.

Сердар Бердімұхамедов президент болған соң бірнеше күннен кейін үкімет жүктіліктің бесінші аптасынан кейін аборт жасауға тыйым салатын заң жобасын жариялады. Құжат бойынша анасы мен баланың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана жүктілікті үзуге рұқсат беріледі. Биыл наурызда елде президент сайлауы болып, Сердар Бердімұхамедов әкесінің орнын басқан еді.

2015 жылы қабылданған заңның өзгеруі көбін таң қалдырды деп хабарлайды түркімен белсенділері мен дәрігерлер жүргізетін «Саглык» (Денсаулық) сайты.

Бұл заң жүктіліктің 12-аптасында әйелдерге медициналық себептерсіз аборт жасауға рұқсат беретін. Биылғы өзгеріс мұны жүктіліктің 5-аптасымен шектеді.

Репродуктивті денсаулық мәселелерімен айналысатын түркімен дәрігері заңды сынға алып, әйелдердің көбі алғашқы бес аптада жүкті екенін білмей де қалатынын айтты.

Заң белгілі бір медициналық себеппен ғана аборт жасауға рұқсат береді. Бірақ бұл шешімді әйел медициналық тексерістен өткен соң арнайы комиссия қабылдайды. Бұл аборт уақытын кейінге шегеріп, ананың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Аборт жасау туралы ойланып тұрған жас қыз. Көрнекі сурет.
Аборт жасау туралы ойланып тұрған жас қыз. Көрнекі сурет.

Бұл өзгеріс әйелдерге арналған ауруханалар мен орталықтардағы жемқорлықты ушықтырды деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметі бірнеше пациент пен медицина қызметкерлеріне сілтеме жасап.

Олар жүктілікті үзгісі келетін әйелдердің акушерлерге пара беретінін, өз кезегінде олар пациенттерді профилактикалық тексеріске немесе кеңес алуға келеді деп тіркейтінін айтады.

Пациент ресми түрде дәрігер кеңесін алғаны үшін ақы төлейді. «Аборт жасағаны үшін қолма-қол ақшаны бөлек береді» дейді олар.

Жемқорлық жайлаған Түркіменстанда кез келген мәселені ақшамен шешуге болады дейді дереккөз.

Аборт ақысы жүктілік мерзіміне байланысты 100-500 доллар аралығында болады деді Мары қаласындағы медицина қызметкері. Пациент дәрігерге алғашқы айларда келгенде арзан болады деді ол.

Баға қала мен аудан бойынша да әртүрлі. Лебап қаласындағы әйелдер консультациясында істейтін дереккөз жүктілік мерзімі заңды шектен асып кеткен соң аборт жасату 340 доллар болатынын айтады.

ЖҮКТІЛІКТЕН ҚОРҒАЙТЫН ҚҰРАЛДАР ҚОЛЖЕТІМДІ ЕМЕС

Абортқа тыйым салу Түркіменстандағы репродуктивті жасқа жеткен әйелдердің көбінің жүктілікке қарсы құралдарға қол жеткізе алмайтынына байланысты дейді БҰҰ-ның Халық саны жөніндегі қоры. Бұл ұйым әлемдегі репродуктивті және ана денсаулығын жақсартуды мақсат етеді.

Ұйым дерегінше, [Түркіменстанда] 15-49 жас аралығындағы 160 мыңға жуық әйел жүктіліктің алдын алғысы немесе кейінге жоспарлағысы келеді, бірақ олар жұктілікке қарсы құралдарды пайдаланбайды.

Әр әйелдің себебі әртүрлі: ақпараттың жетіспеуі, ата-анасы, күйеуі немесе қоғамның қолдамауы, өз еркімен шешім қабылдай алмауы, жүктілікке қарсы құралдарды сатып ала алмауы деп хабарлайды ұйым өкілдері.

Кертартпа түсінік жайлаған Түркіменстанда әйелдердің 60 пайызы өмірі мен денсаулығына әсер ететін аборт пен жүктіліктен қорғану мәселелерінде өз еркімен шешім қабылдай алмайды.

Баласын көтеріп тұрған әйел.
Баласын көтеріп тұрған әйел.

Қарт түркімендердің көбі абортты қолдамайды, бірақ жас буын оған либерал қарайды. Әдетте түркімен отбасыларында бала көп, бірақ қалада тұратын жас түркімендерде бала аз. Кейбірі бұған экономикалық қиындықтарды кінәлайды.

Түркіменстанда абортқа тыйым салынғаны баспасөз құралдарының назарынан тыс қалды. Ол кезде әйелдерді шектейтін біршама ереже қабылданған еді.

Түркіменстанда әйелдерге көліктің алдыңғы орындығына отыруға болмайды. Полиция жүргізушілерді тоқтатып, әйел туысының жанында отырса да, ескерту жасайды.

Билік әйелдердің боянуына, кірпік жалғап, тырнақ жабыстыруына да тыйым салған. Омырауы мен ернін үлкейтуге, қасын жүлуға да болмайды. Кейінгі кездері түркімен әйелдердің арасында бұл процедуралар кең танылған еді.

Сонымен қатар Түркіменстанда жұмыс істейтін әйелдерді денесіне жабысып тұратын киім кимейтінін, боянбайтынын айтып өтініш жазуға мәжбүрлеген.

Үкімет бұл тыйымдарды ресми жариялап, түсіндірген жоқ. Әйелдер заң талаптарын наурыздың аяғы мен сәуірдің басында талаптардың орындалуын тексере бастаған полиция мен жұмыс берушілерінен білген.

XS
SM
MD
LG