Ссылки доступа

Садыр Жапаров Кемпірабад су қоймасы төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook'тегі парағында Үзген ауданының тұрғындарымен кездесіп, Кемпірабад су қоймасы төңірегіндегі дауды талқылағаны туралы жазды.

Мемлекет басшысы бұның алдында су қоймасы Өзбекстан жағының толық бақылауында болғанын, енді тараптар бөгетті "теңдей" басқару үшін бірлескен кәсіпорын құруға келіскенін айтты.

"Келісім парламенттен өткен соң, біз оны қоғамға таныстырамыз, біздің меншікке өткен жерлер туралы мағлұмат береміз. Төзімді болайық. Даулы жерлердің 99 пайызы меншігімізге өтті. Біз су дейңгейін түсіріп, су қоймасы төңірегіндегі 1 мың 246 гектар жерді босаттық. Олар бізге қарайды. Жергілікті тұрғындар ол жерлерді ауыл шаруашылығына пайдаланады. Шекарадағы басқа да жерлерге қатысты мәліметті кейінірек береміз",- деп жазды президент.

Бұған қоса, Кемпірабад су қоймасына қатысты "жұртты адастырып жүрген" қырғызстандықтарға ескерту жасап, оларға қарсы "қатаң шара" қолдануға бұйрық беретінін айтты.

Жогорку Кенеш депутаты, "Бутін Қырғызстан" фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаров парламент отырысында президент Садыр Жапаровтың Үзген ауданының тұрғындарымен кездескені туралы баяндады.

Мадумаровтың пікірінше, мемлекет басшысының бұл кездесуі "қойылымға" көбірек ұқсайды. Депутат басшылыққа Үзген ауданы тұрғындарының пікіріне құлақ асуға кеңес берді. Аудан тұрғындары Кемпірабад су қоймасына қатысты билік шешіміне қарсы шығып отыр.

Қыркүйектің аяғында Ош облысы Үзген ауданында наразылық акциясы өтіп, қырғыз билігі Кемпірабад су қоймасын Өзбекстанға береді дегенді естіген жергілікті тұрғындар шекараға қатысты хаттаманы президенттің өзі түсіндіруін талап етті.

Бұның алдында Қырғызстан мен Өзбекстанның қырғыз-өзбек шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары хаттама қабылдағаны хабарланған.

Наурыз айында Ташкентте өткен келіссөздерден соң Қырғызстан ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев су қоймасындағы бөгет өзбек жағының бақылауында қалады, алайда су ресурсын тараптар бірге қолданады деп мәлімдеген. Содан бері Қырғызстанда билік шешіміне қарсы бірнеше наразылық акциясы өтті.

XS
SM
MD
LG