Ссылки доступа

Тәжік журналисі Далери Имомали өзіне шығарылған үкімді өте қатал деп есептейді 


Далери Имомали. Архив суреті 
Далери Имомали. Архив суреті 

Тәжікстанда он жылға сотталған журналист Далери Имомали өзіне қарсы шығарылған сот үкімін өте қатал деп есептейді. Бұл туралы онымен тергеу абақтысында кездескен әйелі Зайтуна Иноятова Озоди радиосына жеткізді. 

Душанбенің Шомансур аудандық соты журналисті 17 қазанда 10 жылға бас бостандығынан айырып, 12 800 сомони (1,2 мың доллар) айыппұл төлеуге міндеттеген. Имомали "Қылмыстық іс жөнінде жалған мәлімет беру", "Заңсыз іскерлікпен айналысу" және "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" баптары бойынша кінәлі деп танылған.

Осыған дейін Озоди радиосы дереккөзіне сілтеме жасап, журналист заңсыз іскерлікпен айналысудан басқа баптарды мойындамай жатқанын жеткізген.

Қазір Имомалидің адвокаты аудандық соттың үкіміне қарсы қалалық сотқа шағым түсіргені белгілі болды.

Журналистің зайыбы Зайтуна Иноятова күйеуін босатуды сұрап, ел президенті Эмомали Рахмонға ашық хат жолдаған. "Үш баламды тірідей жетім етіп, күйеуімді заңсыз жауапкершілікке тартқандар кінәлі" деп жазған ол ашық хатта.

"Қазір балаларды атасы мен әжесі аз ғана зейнетақыға бағып жатыр. Алда қыс келе жатыр. Біз тек күйеуімді босатады деп үміттенумен келеміз", - деді Иноятова 2 қарашада Озоди радиосына берген сұқбатында.

Осыған дейін 7,5 жарым жылға сотталған журналист Абдулло Гурбатидің әйелі Муборак Косим да президентке ашық хат жазып, күйеуін босатуды сұраған. Бірақ бұл хат сол күйі жауапсыз қалды.

Далери Имомалидің ісі бойынша сот отырысы жабық өтіп, оған адвокаты мен жақын туыстарынан басқа ешкімді қатыстырған емес.

Имомалидің он жылға сотталуы тәжік қоғамында үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл үкімді әділетсіз деп атады. Бірнеше халықаралық ұйым, оның ішінде ЕҚЫҚ және Журналистерді қорғау комитеті тәжік билігінен Имомалиді және басқа да қамаудағы журналистерді бостандыққа шығаруды талап етті. Ресми Душанбе бұл үндеулерге жауап берген емес.

Соңғы үш айда Тәжікстанда жеті блогер мен журналист қамауға алынды. 4 қазанда Имомалимен бірге репортаж дайындап жүрген Абдулло Гурбати жеті жарым жылға сотталған. Олар соңғы уақытта әлеуметтік өткір мәселелерді көтеріп, бірқатар шенеуніктерді сынға алған.

XS
SM
MD
LG