Ссылки доступа

АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында Нөкістегі наразылық туралы айтылды


Энтони Блинкен
Энтони Блинкен

20 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқықтарының былтырғы жағдайы туралы дәстүрлі баяндамасын жариялады. 198 елдегі, соның ішінде Өзбекстандағы ахуал қамтылған есептті АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен таныстырды.

Баяндаманың Өзбекстан қамтылған бөлімінде республикадағы сайлаушыларға саяси таңдау берілмегені, өйткені оппозицияның нағыз кандидаттары тіркеле алмағанын немесе сайлауға түсе алмағаны айтылды.

Есепте Нөкісте 2022 жылғы шілденің басында болған наразылық акциясы күшпен басылғаны сөз болды. Нөкіс оқиғасы кезінде журналистер мен белсенділер ұсталып, бірнеше апта бойы сыртқы әлеммен байланысқа шыға алмай қалды.

Өзбекстандағы заңсыз қудалау, азаптау, түрмедегілерге дұрыс қарамау, адамның ар-ұжданын аяққа таптау, тәуелсіз сот билігінің болмауы, сөз еркіндігінің шектелуі, Интернеттің бұғатталуы, азаматтардың билікті бейбіт түрде ауыстыра алмауы, азаматтардың саяси өмірге қатысуға шектеу қойылуы, жемқорлық және басқа да адам құқықтарының бұзылуына қатысты күрделі мәселелер осы баяндамада айтылды.

«Құқық қорғау органдарының адам құқықтарының бұзылуын тергеуге қатысты кейбір талпынысына қарамастан, мемлекеттік шенеуніктердің жауаптан тайқып кетуі қалыпты жағдайға айналды», - деп жазылған мемлекеттік департамент баяндамасында.

АҚШ мемлекеттік департаменті адам құқықтарының ахуалы туралы есепті жергілікті және халықаралық ұйымдардың көмегімен 50 жылға жуық уақыт бойы дайындап келеді. Департамент әлемнің түрлі елдерінен алынған мәліметтерді БҰҰ қабылдаған адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларация мен басқа да халықаралық заңнамаларды негізге ала отырып сараптайды.

XS
SM
MD
LG