Ұлыбританияның Қырғызстандағы елшілігі таратқан мәліметте соттың "Азаттық" қызметін тоқтату жөніндегі шешімі "алаңдатады" деп жазылған. "Осы істі жіті бақылап отырған Ұлыбритания апелляцияда мәселе еркін әрі әділ қаралады деп үміттенеді" деп хабарлады елшілік твиттердегі парағында.
Ал Еуроодақтың Қырғызстандағы өкілдігі болса мәдениет министрлігінің "Азаттыққа" қарсы арызын соттың жоғары инстанциясында әділ қарауға үндеді.
"Демократия өркендеу үшін еркін, тәуелсіз және плюралистік БАҚ-ты сақтау аса маңызды" деп мәлімдеді ЕО өкілдігі.
АҚШ өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Майкл Маккол Қырғызстанда "Азаттык Медианың" жабылуына қатысты пікір білдірді. Мәлімдеме комитет сайтында жарияланды.
Маккол Қырғызстан билігінің тәуелсіз медиаға қатысты әрекетін сынады. "Мен Қырғызстан үкіметінің Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметін жабуға талпыну арқылы еркін әрі тәуелсіз БАҚ-қа шабуылын сынаймын. Азаттық радиосы Қырызстан азаматтарына бұрмаланбаған, тәуелсіз ақпаратты ұсынып отыр. Азаматтардың еркін ақпарат алу құқығы конституцияда айтылған. Тәуелсіз БАҚ-қа цензураға жол жоқ, өйткені ол конституцияға қайшы. Мен Қырғызстан билігін Азаттықты жабу туралы тапсырманы тез арада қайтарып алып, оның қызметіне қарсы шектеулердің бәрін алып тастауға шақырамын" деп мәлімдеген Маккол.
Бұның алдында АҚШ мемлекеттік департаменті қырғыз сотының Азаттықты жабу туралы шешімі Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығын қолдайтыны туралы мәлімдемелеріне қайшы келетінін айтқан.
Amnesty International және CPJ халықаралық ұйымдары Азаттық жұмысына кедергі жасамауға үндесе, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы тәуелсіз медиаға қысымды доғаруға шақырған.
Дегенмен 3 мамырда президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев АҚШ-тан "Қырғызстанның ішкі ісіне араласпауды" сұрап, АҚШ мемлекеттік департаменті мен Өкілдер палатасы комитетінің мәлімдемесін "негізсіз" деп атаған.
27 сәуірде Бішкек соты ақпарат құралы ретінде Азаттықтың Қырғыз қызметінің ("Азаттык Медиа") жұмысын тоқтату туралы өтінішті орындаған. Сотқа өтінішті Қырғызстан министрлігі түсірген.
23 қаңтарда Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі сотқа шағым түсіріп, Азаттықтың Қырғыз қызметінің (Азаттык Медиа) жұмысын тоқтатуды талап еткен. Мекеме өкілдері шағымда Азаттық сайтын жабуға түрткі болған қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы "Настоящее время. Азия" арнасының бағдарламасы жойылмағанын және әлеуметтік желіде таратылып жатқанын айтқан.
Шағым түсіруші тарап "Азаттык Медиа" заңға қайшы әрекет етіп отырғанын, "БАҚ туралы заңда" соғысты насихаттауға тыйым салынғанын алға тартқан.
Халықаралық ұйымдар, саясаткерлер, жүздеген қырғыз азаматы Азаттықтың еркін ақпарат таратуына мүмкіндік беруді талап еткен.
Азаттық сайты мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің шешімімен Қырғызстан аумағында 2022 жылғы 26 қазаннан бері бұғатталып келеді. Ведомство өкілдері "заңға қайшы" материал өшірілмейінше, бұғаттау туралы шешім күшінде болатынын айтқан. "Азаттык Медиа" алғашқы күннен-ақ бұл шешімді мойындамайтынын мәлімдеп, ол заңсыз екенін дәлелдеуге тырысқан.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Джейми Флай қырғыз Азаттығының жұмысын жалғастыру үшін барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын мәлімдеген.