Ссылки доступа

Freedom Now тәжік билігінен түрмедегі адвокаттарды босатуды талап етті


Freedom Now адам құқықтарын қорғау ұйымы Тәжікстан билігінен "саяси астары бар айыптармен ұсталып, түрмеге түскен" тәуелсіз адвокаттарды босатуды талап етті.

Бас кеңсесі Вашингтонда орналасқан ұйым мәлімдемесі 26 мамырда твиттерде жарияланды. Мәлімдеме авторлары Бузургмехр Ёров пен Манучехр Холикназаровты атап, "Тәжікстанда көптеген тәуелсіз адвокат заңсыз ұсталды" деп жазды.

Бузургмехр Ёров 2015 жылы ұсталып, 28 жылға сотталған. Адвокат тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған, ал адам құқықтарын қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныған, тәжік билігінен оны босатуды талап еткен.

Сотталған адвокаттың үстінен осы уақытқа дейін төрт қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Жақында төртінші іс сотқа жіберілген. Бузургмехр мен оның туыстары жаңа істі "ойдан құрастырылған" дейді.

Памир заңгерлері қауымдастығының басшысы, "44-тің комиссиясы" ұйымының мүшесі Манучехр Холикназаров 2022 жылғы мамырда Хорогта ұсталған. Адвокат қамауға алынардың алдында Таулы Бадахшан автономиялы облысында қақтығыс болған.

Холикназаров 2021 жылғы қарашада Хорогтағы наразылық акциясынан соң "44-тің комиссиясына" кірген. Ұйым мүшелері Тәжікстан бас прокуратурасының тергеушілерімен бірге Роштқала ауданының тұрғыны Гүлбиддин Зиёбеков өлімін зерттеуі керек болған.

2022 жылғы желтоқсанда ол "қылмыстық топ ұйымдастырды", "экстремистік ұйым қызметін ұйымдастырды" деген айыптармен 16 жылға сотталған. Холикназаров тағылған айыптарды мойындамаған.

Freedom Now Холикназаров қамалардан алдын әлеуметтік әділетсіздік құрбандарына көмектескенін, Таулы Бадахшанда адам құқықтарының сақталуы мен заң үстемдігін орнату үшін қызмет еткенін атап өтті.

Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар кейінгі жылдары Тәжікстанда адвокат қызметін атқару тым қиындап кеткенін мәлімдеп отыр. 2017 жылы Тәжікстанда адвокаттық қызметпен шұғылдануға арнайы лизенциясы барларға ғана рұқсат берілген. Оны алу үшін бірнеше емтихан тапсыру керек.

Тәжікстан осы әрекеті үшін құқық қорғаушы ұйымдардың сынына ұшыраған. Олар тәжік билігі осы арқылы Душанбеге жақпайтындардан арылғысы келеді деп есептейді. Билікке қарсы немесе үкіметті сынаған адамдарды жақтаған бірнеше адвокат түрмеге түскен немесе елден кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG