Ссылки доступа

Душанбе: Тәжікстанда еңбек миграциясы қысқарды


Тәжікстан еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігінің мәлімдеуінше, былтыр шетелге жұмысқа шығатын еңбек мигранты азайған.

13 ақпандағы баспасөз конференциясында министр Гүлнора Хасанзода 2023 жылы Тәжікстаннан 652 мың еңбек мигранты шетелге кеткенін айтты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16 пайызға аз көрсеткіш. Азаматтардың дені Ресей, Қазақстан және басқа да елдерге барған.

Тәжікстан билігінің еңбек миграциясы туралы статистикалық мәліметтері үнемі күмән туғызады. Мәселен, Ресей билігінің хабарлауынша, жылда елге 1 миллионнан астам тәжік мигранты келеді, бірақ тәжік жағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда аз деумен келеді.

Журналистердің неге мәліметтер әртүрлі деген сауалына Хасанзода олар еңбек патентіне ие азаматтарды ғана санайды деп жауап берген. Баспасөз конференциясы кезінде журналистер министрден неге билік Ресейде еңбек мигранттарының құқығы бұзылып жатқанын елемеуге тырысады деп сұрады.

Гүлнора Хасанзода жауапкершілікті мигранттардың өздеріне артып, Ресейдің өз заңы, өз тәртібі бар, мигранттардың бәрі оны сақтауы тиіс деді.

2023 жылы Ресейде полицияның еңбек мигранттарын тексеруі жиілеген. Полиция қызметкерлерінің еңбек мигранттарын ұрып жатқаны, кемсіткені туралы видеолар әлеуметтік желілерде көп тараған.

XS
SM
MD
LG