Ссылки доступа

Ресейдегі тәжік мигранттары қысымға ұшырағанын хабарлады


Ресейдегі тәжік мигранттары «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден кейін қысым күшейгенін хабарлады.

Амур облысы Благовещенск қаласында белгісіз біреулер мигранттарға тиесілі сауда павильонын өртеп жіберді. Қала мэрі Олег Имамеевтің мәлімтің хабарлауынша, мұндай әрекет «ұлтты алалаудан туғаны көрініп тұр».

Калугада белгісіз біреулер көшеде Тәжікстанның үш азаматын ұрып кеткен. Олардың біреуі ауруханаға түскен.

Ресейдің түрлі өңірлерінде ұлты тәжік таксишілердің қызметінен бас тартып жатқаны туралы хабарлар көбейді. Клиенттер жүргізуші тәжік немесе Тәжікстан тумасы екенін білген жағдайда, тапсырыстан бас тартуды талап ететін болған.

Тәжік мигрантының Азаттыққа хабарлауынша, 23 наурызда күндіз Мәскеуде полиция оның екі бауыры мен ұлын ұстап әкеткен. Мигрант туыстарының тағдыры туралы ешқандай мәлімет ала алмай отыр.

«Олар пәтер жөндеумен айналысқан. Ұлым отбасын асырап отыр. Оларды бірнеше тәжікпен бірге ұстап әкеткенін ғана білеміз. Қайда алып кеткенін, жағдайы қалай екенін біле алмай отырмыз» дейді мигрант.

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі еңбек мигранттарына үйден шықпауға кеңес берген.

Baza тeлеграм-арнасының хабарлауынша, «Крокустағы» терактіден кейін Ресей ішкі істер органдарындағы бөлімдерде шетел азаматтарын тексеретін қосымша топтар құрылған. Олар хостелдерді, жатақханаларды, кәсіпорындарды аралап, мигранттарды тексереді.

Пензада жұмыс істейтін тәжік азаматының хабарлауынша, Ресейдегі отандастарының көбісі Тәжікстанға қайтқысы келеді. Ресейде жүздеген мың тәжікстандық осы елдің азаматтығын алып, отбасымен осында тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG