Ссылки доступа

Қазақстан президенті Қытайға барады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28-29 наурызда жұмыс бабымен Қытайда болады. Ол мұнда Боао Азия форумына қатысады.

«Қазақстан президенті Қытай басшыларымен, халықаралық ұйымдар мен ірі қытай компанияларының басшыларымен кездесулер өткізеді» деп жазылған сәрсенбі күні таралған мәліметте.

Тоқаевтың Қытайға сапарлап баратыны туралы мәлімет мемлекет басшысының Астанада Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы үкіметінің төрағасы Еркін Туниязбен кездескеннен бір күннен кейін жарияланып отыр. Еркін Туниязға Шыңжаңдағы адам құқықтарын бұзуға қатысы бар деген күдікпен халықаралық санкциялар салынған.

Тоқаев қытай шенеунігімен кездескен уақытта Қазақстан үшін Қытаймен әріптес болу «тиімді әрі қажет» деп мәлімдеген.

Ақорданың ресми хабарларында Шыңжаңда қазақтарды, ұйғырларды және басқа да мұсылман түркітілдес этникалық топтардың өкілдерін қудалауға қатысты ешқандай мәлімет айтылмаған. Қытай шенеунігі Қазақстан жағына «зұлымдықтың үш күшімен күресуге үлес қосқаны үшін алғыс айтқан».

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде этникалық аз ұлт өкілдерін «саяси лагерьлерге» қамап жатқаны туралы мәліметтер алғаш рет 2017 жылғы көктемде жариялана бастаған. Пекин мұндай лагерьлер барын жоққа шығарып, құрылып жатқан мекемелер «терроризммен күресу үшін қажет» деп мәлімдеген.

Боао Азия форумы жыл сайын ұйымдастырылады. Ол 26 наурызда басталды. Кездесу Қытайдың Хайнань провинциясындағы Боао қаласында өтеді.

XS
SM
MD
LG