Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі агенттігі Ресейде жүрген, сол елге бара жатқан өзбекстандықтарға үндеу жолдады.
«Ресейдің Мәскеу облысында 22 наурызда болған терактіге байланысты елдің барлық аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Біз Ресейде жүрген немесе сол елге бара жатқан азаматтарға қауіпсіздік талаптарын ескеруге кеңес береміз» деп жазылған агенттік үндеуінде.
Мекеме өкілдері өзбекстандықтарға өзімен бірге құжаттарын ала жүруге, адам көп жиналатын орындарға бармауға, таныс емес немесе күдікті адамдармен сөйлеспеуге, телефонда тыйым салынған сурет, аудио және видео сақтамауға кеңес берді.
Бұған қоса, азаматтарға вокзалдар мен әуежайларға уақытынан бұрын бару керектігі ескертілді.
Қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, азаматтар Өзбекстанның консулдықтарына немесе Сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі агенттікке хабарласа алады.