Ссылки доступа

Мәскеу билігі мұсылмандарға Айт намазын үйде оқуға кеңес берді


Мәскеу билігі Рамазан айының аяқталуы құрметіне оқылатын Айт намазын үйде оқуға кеңес берді.

Бұл туралы «Осторожно, новости» телеграм-арнасы астана билігінің құжаттарына сүйене отырып хабарлады. Мәскеу билігі салалас құрылымдарына жолдаған осы хатта 10 сәуірде шектеу енгізілгенін мұсылмандарға жеткізуді тапсырған.

Билік діндар адамдарға Айт намаздарын онлайн-таралымдардан көруді ұсынған. Хатта Орталық Азиядан келген азаматтарға ерекше назар аудару тапсырылған.

«Осторожно, новости» осындай шектеулер «Крокус Сити Холл» концерт залындағы шабуылдардан кейін енгізілген болуы мүмкін деп топшылайды.

Ресей билігі әзірге ешқандай ресми мәлімдеме таратпады.

Ресей үлемдер кеңесі Айт мерекесі тойланатын күндерді әлі жариялаған жоқ.

Өткен жылдары Ресейдегі ондаған мың мұсылман мерекелік Айт және Құрбан айт намаздарын оқыған. Атап айтқанда, былтыр Мәскеуде мерекелік намазға 400 мыңға жуық адам жиналған.

22 наурызда Мәскеуде болған террористік шабуылдан кейін Ресейде мұсылман мигранттарға қысым күшейген.

XS
SM
MD
LG