23 наурызда Тәжікстан ІІМ баспасөзде тараған мәліметті жоққа шығарған. Бұл екеуі Ресейден Тәжікстанға 2023 жылғы қарашада оралғаны, теракт кезінде үйінде болғаны анықталған.
Азаттықтың Тәжік қызметінің журналистері Балхи ауданындағы Саноат қышлағына барып, аталған екі азаматпен сөйлеспек болды.
Журналистер оларды алты сағат бойы күтіп, екеуімен де кездесе алмаған.
«Олардың туыстары да баспасөзбен сөйлесуден бас тартты. Ауыл кеңесінің басшысымен әңгімелесуге тырыстық, бірақ ол да қарсы болды» дейді журналист Иршод Сулаймони.
22 наурызда кешке бірнеше адам Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залына кіріп, адамдарға оқ атты. Кейінгі мәліметтер бойынша, шабуылдан 144 адам қаза болды. Теракт жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» тобы мойнына алды.
Тәжікстанның төрт азаматы басты күдіктілер ретінде ұсталды. Тағы алты адам, оның бесеуі тәжік, басты күдіктілерге көмектесті деген айыппен қолға түсті.