Ссылки доступа

АҚШ-та өзбек оппозициясының лидері көз жұмды


Абдурахим Пулатов
Абдурахим Пулатов

Өзбекстанның алғашқы оппозициялық ұйымы болып есептелген "Бирлик" қозғалысының негізін құрған кибернетик-ғалым Абдурахим Пулатов 78 жасқа қараған шағында АҚШ-та көз жұмды. Бұл туралы Өзбекстандағы "Эзгулик" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Абдурахман Ташанов Фейсбук парақшасына жазды.

1998 жылдан бері АҚШ-та тұрған Пулатов Каримов режимін сынаған адамдардың бірі болған.

Оның саяси мансабы 1988 жылы Аралды сақтап қалу комитетінде маман болып жұмыс істеуден басталған. Ол сол жылы қараша айында "Бирлик" қозғалысын құрды. 1989 жылдың мамыр айында өткен жиында оның төрағалығына Абдурахим Пулатов сайланып, ол 1980 жылдан бері мүше болып келген Коммунистер партиясынан шыққанын жариялады.

1992 жылы мамыр айында Пулатов партия болып қайта құрылған "Бирлик" төрағалығына екінші рет сайланған. Сол жылы жазда оған шабуыл жасалып, ауруханаға жатып қалған.

Пулатов 1992 жылы Өзбекстаннан қашып, алдымен Әзербайжанда, сосын Түркияда тұрды. 1998 жылы АҚШ-тан саяси баспана алып, сонда көшіп кеткен.

Ол 1945 жылы Ташкент облысында туған. 1968 жылы Мәскеуде энергетика институтын аяқтаған. 1973 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін 1991 жылға дейін Өзбекстанның ғылымдар академиясына қарасты Кибернетика институтында жұмыс істеді.

XS
SM
MD
LG