«Сотқа Лутфулло Назримадтан бұлтартпас шарасына қатысты арызы түсті. Шағым кейін Мәскеу қалалық сотында қаралады» деп хабарлады агенттік дереккөзі. Арыз 15 сәуірде түскен.
Мәскеудің Басман соты 28 наурызда Назримадты екі ай қамауда ұстау жөнінде шешім шығарған. Оған «теракт» айыбы тағылған. Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкиннің мәлімдеуінше, Назримад шабуылдаушыларды қаржыландыру жүйесіне қатысқан.
Ресей баспасөзінің мәліметінше, Лутфулло 23 наурызда, шабуылдың ертесіне ұсталған. Бұлтартпас шарасына қатысты сот жабық өткен, сол себепті күдіктінің тағылған айыпқа қатысты көзқарасы белгісіз.
Бұның алдында осы істегі тағы бір күдікті – Мұхаммадзоир Шарифзода Мәскеудің Басман сотының бұлтартпас шарасына қатысты шешіміне шағымданғаны мәлім болған. Ол арызды 8 сәуірде өткізген.
Оның алдында «Крокус» ісіндегі үш күдікті - Аминжон, Диловар және Исроил Исломовтар сотқа шағымданған, бірақ Мәскеу қалалық соты олардың арыздарын қанағаттандырмаған.
Сот Тәжікстанның төрт азаматын шабуылды жүзеге асырды деген күдікпен, тағы төрт азаматын оны ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен қамауға алған.
Естеріңізге сала кетейік, 22 наурызда бірнеше адам «Крокус Сити Холл» концерт залына басып кіріп, адамдарға оқ жаудырған, ғимаратты өртеген. Теракт салдарынан 144 адам қаза болып, 550-ден астам адам зардап шеккен.