Ссылки доступа

Қазақ үкіметі су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру механизмін әзірлеп жатыр


Қазақ үкіметі су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру механизмін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Астанада өткен брифинг кезінде құрылыс және өндіріс министрлігінің өкілі Меруерт Ибраева бұл механизмдер жайлы айтты.

Егер су тасқынынан кейін үйлер қайтадан жөндеуге келетін болса, жергілікті әкімдік жөндеу жұмысын жүргізетін ұйымдарды тартуы керек деді. Сонымен бірге ол үй иелері де өтемақыдан өздері жөндеу жұмысын жүргізе алады деп атап өтті.

Егер үйлер қайта қалпына келтіруге келмейтін болса, мемлекет жаңа үй тұрғызып береді, болмаса жылжымайтын мүлік нарығынан басқа үйлер сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл үшін үй бағасының арнайы межесі енгізіледі.

Осының алдында министрлік үй салудың бірнеше жоспарын көрсеткен. Оның бірі жалпы көлемі 80 шаршы метр болатын үш бөлмелі үй және жалпы көлемі 160 шаршы метр болатын екі пәтерлі үйлер. Бұл жоспарлар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Үйлер шамамен екі жарым ай көлемінде салынады деп отыр.

Ибраева саяжай тұрғындары да, егер жалғыз үй болса, биліктің назарынсыз қалмайды деді.

Астана маңында су тасқынынан зардап шеккен Қоянды елді мекені тұрғындары үйлерін өз қаражатымен жөндеп жатқанын жеткізді. Олар үкіметтен ешқандай өтемақы алмағанын айтады.

Биыл Қазақстанда өңірлерде болып жатқан су тасқыны соңғы 80 жылда болмағанын айтады сарапшылар. 118 мыңға жуық адам құтқарылды. Шығын есебі әлі анықталмады.

XS
SM
MD
LG