Осының алдында Райымбек Матраимов Әзербайжан астанасы Бакуде ұсталып, 26 наурыз күні Бішкекке жеткізілгені хабарланған.
Онымен бірге үш бауыры — Руслан, Тілек және Исламбек те қамауға алынды.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) 2021 жылы Матраимовтың үстінен жемқорлық күдігіне байланысты іс қозғаған. Оны "2016 жылы кеден қызметіндегі өзге лауазымды тұлғалармен бірге жасырын жемқорлық схемасын құрды" деп айыптаған. Сот оны кінәлі деп тауып, 260 мың сом айыппұл салған. Матраимов кінәні мойындап, мемлекетке 2 миллиард сом қаражат қайтарған.
Бұдан соң былтыр қараша айында ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев Райымбек Матраимовты "қылмыс әлемінің серкесі" Қамшы Көлбаевпен бірге "Қырғызстанда мафия құрған" деп сөккен. Оның алдында ғана қазан айында Қамшы Көлбаев Бішкекте арнайы қызмет адамдарымен атыс кезінде мерт болған. Осы оқиғадан кейін Матраимов Қырғызстаннан шетелге кеткен.
Қаңтар айында ҰҚМК Матраимовқа іздеу жариялады. Оған "Ұйымдасқан қылмыстық топ аясында адамды күштеп ұстау, оның еркіндігін шектеу" деген бап бойынша іс қозғалған.
Матраимов соңғы іске байланысты пікір білдірмеген.