Ссылки доступа

Мәскеу соты «Крокус» ісіндегі күдікті Лутфулло Назримадты қамауда қалдырды


Лутфулло Назримад
Лутфулло Назримад

Мәскеу қалалық соты «Крокус Сити Холл» концерт залына жасалған шабуылға қатысты істегі күдікті Лутфулло Назримадтың қамауда отыруын заңды деп шешті.

Естеріңізге сала кетейік, Тәжікстанның 24 жастағы тумасы Лутфулло Назримад «Крокус» ісіндегі тоғызыншы күдікті атанған. Тергеу нұсқасынша, ол шабуылдаушыларды қаржыландыру схемасына қатысқан. Жалпы осы іс бойынша 11 адам ұсталса, солардың оны Тәжікстан азаматы.

Лутфулло Назримад теракт болған күннің ертесіне, 23 наурызда ұсталған. Оған бұлтартпас шарасы белгіленген сот жабық өтті, сол себепті күдіктінің айыпты мойындаған-мойындамағаны белгісіз.

Назримадтың адвокатының мәлімдеуінше, ол айыпты ішінара мойындаған.

Істегі тағы төрт күдікті – Мұхаммадзоир Шарифзода, Аминджон, Диловар және Исроил Исломовтар да апелляциялық шағым түсірген, бірақ Мәскеу қалалық соты оларды қанағаттандырмаған.

Естеріңізге сала кетейік, 22 наурызда кешке бірнеше адам «Крокус Сити Холл» концерт залына қарумен шабуылдады. Содан кейін онда жарылыс болып, өрт басталды. Ресми мәлімет бойынша, шабуылдан 144 адам қаза болды, 550-ден астам адам жараланды.

XS
SM
MD
LG