Бұл мәлімдемені Ташкент қалалық сотында аталған компания директоры Мунира Кариева айтты. Оның ұлы Сардор Кариев 18 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ол компания есебінен бір уақытта аталған соманы төлеуге әзір мүмкін емес екенін, себебі қазір ол жерде 2 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатқанын, бұрын шетелден қымбат бағаға әкелінген дәрілер қазір елде өндіріліп жатқанын айтты.
Ол өтемақыны үш жыл ішінде төлеуге мүмкіндік беруін сұрады.
"Заңдағы гуманизм ұстанымына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 57-бабы негізінде ұлым Сардор Кариевтің жазасы жеңілдетіліп, 18 жылға еркінен айыру үкімі жоққа шығарылып, бостандыққа шығады деп сенемін. Осы мақсатымды жүзеге асыруға көмек беруіңізді сұраймын", - деді Мунира Кариева.
26 ақпанда "Док-1 Макс" ісі бойынша сот Сардор Кариевтен бөлек оның орынбасарларын 16 жылға, ал Үндістан азаматы Quramax компаниясының бұрынғы директорын 20 жылға еркінен айырған.
Ташкент соты айыпталушыларды "Док-1 Макс" және "Амбронол" дәрілерінен уланып қаза болған 68 баланың және зардап шеккен 16 баланың отбасына 75,6 миллиард сум моральдық шығын төлеп беруді міндеттеген. Бұдан бөлек Quramax шенеуніктерге берген параны мемлекет пайдасына өндіру шешімі шыққан.