Ссылки доступа

Қырғызстанда тұрғындар ауыл маңындағы жол қауіпсіздігін сақтауды талап етіп, митинг өткізді


Қырғызстанның Ош облысы Жапалақ ауылының тұрғындары 15 мамырда наразылық акциясына шықты. Олар Ош — Ноокат — Баткен жолының ауыл маңынан өтетін бөлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі хабарлады.

Акцияға қырық шақты жергілікті тұрғын қатысты. Олардың айтуынша, осы жолда адам қағу оқиғасы жиі болады. Мысалы, 13 мамырда «Хово» жүк көлігі мектепке бара жатқан баланы қағып кеткен. Жыл басынан бері осы жолда төрт бала зардап шеккен.

Алдын жергілікті тұрғындар қала әкімдігінен осы маңға бағдаршам орнатуды сұраған, алайда мәселе шешіле қоймаған. Ауыл халқы жергілікті билік өкілдері келіп, тұрғындармен кездесуін талап етті.

Мәліметтерге қарағанда, кейінгі үш жылда Қырғызстанда жол апатынан 2342 адам қайтыс болған, соның ішінде 316 бала бар. Былтыр елдегі жолдарда тіркелген апаттардан 783 адам қайтыс болған. 2023 жылы Қырғызстанда барлығы 6945 жол апаты тіркелген. Мұндай көрсеткіш жылдан жылға көбейіп бара жатқаны байқалады.

XS
SM
MD
LG