Ссылки доступа

Бішкектегі тәртіпсіздіктен кейін милицияның 10 қызметкері жұмыстан шығарылды


Қырғызстан ішкі істер министрлігі 27 мамырда Бішкектегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты алқа отырысын өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, алқа отырысын министр Ұланбек Ниязбеков өткізді. Жиналыста 13 және 17 мамырдағы оқиғалар бойынша дайындалған қызметтік зерттеу қорытындысы оқылды.

ІІМ алқасының шешімімен 20 қызметкердің жұмысы сыналды. «Бішкек қаласы Свердловск аудандық ішкі істер басқармасының он қызметкері жұмыстан шығарылды. Тағы он адамға сөгіс жарияланды».

18 мамырға қараған түні бір топ адам Бішкектегі Халықаралық университет жатақханасы мен Аламудун ауылындағы тігін цехына шабуылдаған. Сол түні шетелдіктер жұмыс істейтін және тұратын жеті орында жаппай тәртіпсіздік болған.

Бішкектегі оқиғалар салдарынан ондаған шетел азаматы зардап шекті, 41 адам ауруханаға жүгінді. Кейін милиция астанадағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бірнеше күдікті ұсталғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG