Ссылки доступа

Жоғарғы сот Жыланбаевтың үкімін қарауға "негіз жоқ" деп тапты


5 маусымда Жоғарғы сот былтыр жеті жылға бостандығынан айырылған марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартты. Сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.

Жыланбаевтың жабық соты бір сағатқа созылды. Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, белсендінің өзін сотқа қатыстырмаған. Ол Жоғарғы соттан кейін де "күресімізді тоқтатпаймыз" деді.

"Бас прокурор, кейін сот төрағасына, одан нәтиже шықпаса, Конституциялық сотқа арызданамыз" деді Досқараев Азаттыққа.

Сот ғимаратына Жыланбаевтың оннан аса жақтасы жиналды, белсендіні қолдауға қарапайым тұрғындар мен зейнеткерлер де келді. Бір топ жақтасы залға кіргізуді талап еткенімен, сот отырысы жабық өтті.

Азаматтық белсенді Айжан Әкішева "Марат Жыланбаевқа, Думан Мұхаммедкәрімге, Әйгерім Тілеужанға, Асқар Сембайға, Қайрат Қылышевке бостандық талап етеміз. Саяси тұтқындар болмауы керек!" деді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деген. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен.

Қазақстан билігі Жыланбаев шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

60 жастағы Жыланбаев үкімге наразылық ретінде түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді.

XS
SM
MD
LG