Бұл туралы 10 маусымда Азаттықтың Қырғыз қызметіне осы істегі сотталушылардың бірі, құқық қорғаушы Рита Қарасартова хабарлады.
Бішкек қаласы Бірінші май аудандық соты мен прокуратура әзірге осы мәселеге қатысты мәлімет бермей отыр. Себебі «Кемпір-Абад ісіне» қатысты сот жабық өтіп жатыр.
Бұның алдында, мамырдың аяғында сотта істегі сотталушылардан жауап алынып жатқаны мәлім болған. Осы істегі күдіктілердің бірі, саясаткер Равшан Жеенбековтің хабарлауынша, прокуратура айыптау актілерін толық оқып аяқтағанына қарамастан, судья Марат Сыдықов күдіктілерден жауап алуды бастаған. Саясаткердің пікірінше, судья осы әрекеті арқылы заңды бұзып отыр.
2022 жылғы қазанда Кемпір-Абад су қоймасының жерін Өзбекстанға беруге қарсы шыққан белсенділер, саясаткерлер мен құқық қорғаушылар ұсталды. Осы іс аясында 27 адам қамауға алынды. ІІМ оларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды» деген айып тақты. Алайда күдіктілердің бірқататарына «билікті күшпен басып алуға» дайындалды деген де айып таылғаны мәлім болды.
Бірнеше айдан соң сот айыпталушылардың бірқатарын үйқамаққа ауыстырды. Алайда тергеу изоляторында бірнеше адам қалды. Олар: Равшан Жеенбеков, Әзімбек Бекназаров, Жеңіш Молдокматов, Айданбек Акматов, Марат Баязов, Айбек Бузурманқұлов, Ильгиз Шаменов және Темір Махмудов.
«Кемпір-Абад ісін» тергеу шашамен сегіз айға созылды. Іс астананың Бірінші май аудандық сотына 2023 жылғы маусымда жолданды. ІІМ қылмыстық іске «құпия» мөрін басқандықтан, сот жабық өтіп жатыр.
Сотталушылар істің ашық қаралуын талап еткен. Олар осының бәрін саяси қудалау деп есептейді.