Ссылки доступа

Жоғарғы сот белсенді Дәнебаевтың арызын қараудан бас тартты


Азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев.
Азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев.

10 маусымда Жоғарғы сот азаматтық белсенді Тимур Дәнебаевтың өзін ақтауды сұраған арызын қараудан бас тартты. Сот белсендіге шыққан үкімді кассациялық сот алқасында қарауға "негіз жоқ" деп тапқан. Сот оның себебін түсіндірмеді.

Іске қатысқан Азаттық тілшісіне сот шешімін видеоға түсіруге тыйым салды. Дәнебаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев бұл істің "саяси астары бар" деп санайды.

39 жастағы белсенді Тимур Дәнебаев 2022 жылы желтоқсанда қамалған. Оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылып, былтыр маусымда оған 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Оның үстінен Өскемен қаласы тұрғыны арыз түсіріп, істі қозғауға сол себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады.

Құқық қорғау ұйымдары саяси сипаты болғандықтан, Қылмыстық кодекстен 174-бапты ("Ұлт араздығын қоздыру") алып тастауды талап етіп келеді. Халықаралық Open Dialog қорының мәлімдеуінше, "көп фактіге сәйкес, қылмыстық істі тергеу мен сот біржақты және айыптау сипатында өткен". Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.

Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін президент Тоқаевты сотқа бермек болған.

"Дәнебаевтың айтқан сөзінің бәрі тек қана 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты. Оның қамауға алынғанын да, іс қозғағанын да саяси қудалау" деп есептеуге болады. Өйткені мұнда ешқандай қылмыс жоқ деп есептеймін. Ол тек болған ақиқат оқиғаны айтып отыр" деді Мейіржан Досқараев Азаттыққа.

Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалды.

Былтыр қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Азапталғандар арасында Тимур Дәнебаев та болған. Видео қоғамда резонанс тудырып, азаптауға қатысы бар қызметкерлер қызметтен босаған. Осы оқиғадан кейін Дәнебаев Астанадағы №64 мекемеге ауыстырылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Еуропарламент биыл қаңтардағы қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Тимур Дәнебаевтың да есімін атаған.

Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

XS
SM
MD
LG