Прокурор айыпталушыларға 10-12 жыл түрме жазасын сұраған еді. Сот 11 айыпталушының біреуіне - 4 жыл, қалғанын 1 жыл 9 ай жаза кесті. Бірақ айыпталушылар бұл жазаға келіспеді.
Былтыр қыркүйекте басталған сот тоғыз айдай уақытқа созылды. Судья Ербол Болатов "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "ғимаратқа басып кірді", "билік өкіліне күш қолданды", "әскери қызметкерді кепілге алды" деп айыпталған Ақжол Жандарбековке 4 жыл түрме жазасын тағайындады.
Ал "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "ғимаратқа басып кіру", "билік өкіліне күш қолдану" айыбы тағылған Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаев және "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "ғимаратқа басып кіру" айыбымен айыпталған Нұртас Каранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбеков, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазы 1 жыл 9 айға сотталды.
Судья Ақжол Жандарбековке негізі 16 жыл жаза беріп, Қаңтар оқиғасынан кейін қабылданған "Рақымшылық" заңының негізінде жазаның төрттен үшін қалдырып, 4 жылға соттады. Қалған он адамның да жазасы "Рақымшылық" заңымен қысқарды.
Айыпталушылар өздеріне тағайындалған жазаға келіспеді. Үкімнен соң айыпталушы Тұрсынбай Алпысбаевтың атасы көзіне жас алып, жылап жіберді. Алпысбаев атасын құшақтап, "бәрі жақсы болады" деп сабырға шақырып жатты. Ал Қосай Маханбаев өзін соттауға "дәлел болмады" деп санайды.
2022 жылы 5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық дүрбелеңге ұласып, қала әкімдігі мен президенттің резиденциясы қатты бүлініп, өртке оранған еді. Бас прокуратура Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алуға мыңға жуық адам қатысқанын айтқан.
Алматы әкімдігі қайда жөндеуден өткізілді. Ал президент резиденциясы күреліп, орнына саябақ салынып жатыр. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, опат болғандардың көбі – Алматы қаласында.