Ссылки доступа

Қырғыз журналисі Баян Жұмағұлованы полиция жауап алуға шақыртты


Қырғызстанда журналист Баян Жұмағұлованы Бішкектің Свердлов аудандық полициясы жауап алуға шақыртты. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне журналистің өзі хабарлады.

Жұмағұлованың айтуынша, полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Оған журналистің фейсбуктегі жазбасы себеп болған.

«Өткен сенбіде үйге екі адам келіп, тергеуші екенін айтып, милицияның Свердлов аудандық бөліміне шақырды. Ресми шақырту қағаз алмайынша ешқайда бармайтынымды айттым. Содан кейін олардың бірі шақырту қағаз алып келді. Онда фейсбуктегі жазбам негізінде қылмыстық іс қозғалғаны айтылған. Телефонымды алып, ішіндегі мәліметтердің бәрін жүктеді. Адвокатсыз ештеңе айтпаймын дегеннен кейін ғана босатты. Адвокатпен бірге барған уақытта қылмыстық іс баяғыда қозғалғаны анықталды. Материалдар лингвистикалық сараптамаға жолданыпты. Мені 22 маусымда милицияға тағы шақыртты» дейді журналист.

Милиция журналистен фейсбукке ештеңе жарияламауын талап етіп отыр. Жұмағұлованың айтуынша, оның үстінен «араздық туғызу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалған.

Свердлов аудандық полициясы әзірге мәліметті растамай отыр.

Баяун Жұмағұлова 65 жаста, екінші топтағы мүгедек. Ол ұзақ жылдан бері шетелде тұрады. Кезінде Азаттықта істеп, зейнетке шыққан.

XS
SM
MD
LG