Ссылки доступа

Садыр Жапаров сәуір оқиғасында оққа ұшқандардың туыстарына фабрика құрылысы үшін жер бергенін растады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 22 маусымда «Кабар» ақпарат агенттігіне берген кезекті сұхбатында 2010 жылғы сәуір оқиғасына қатысқандарыдң туыстары фабрика құрылысы үшін жер бөліп бергенін растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, «сәуір оқиғасы кезінде 205 адам қаза болды. Марқұмдардың туыстары бірігіп, акционерлік қоғам құрды».

«Соларға жаным ашыды, 200 отбасына көмектесу керек деп ойладым. Сол себепті оларға бір гектардан астам жер бердім. Жер бір адамға емес, акционерлік қоғамға бөлінді» дейді Садыр Жапаров.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Сәуір халық революциясы қауымдастығының бас хатшысы Темірлан Сұлтанбеков президент Садыр Жапаров пен ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиевқа ашық хат жазған. Хат авторының айтуынша, акционерлік қоғам жетекшісі Үсүпби Шерімбаев Минск қаласында Құрманбек Бәкиевпен кездескенін, ол Қырғызстанда тігін фабрикасын салуға көмектесуге уәде бергенін мәлімдеген.

2010 жылғы сәуірде Қырғызстанда президент Құрманбек Бәкиевтің билігіне қарсы көтеріліс болды. 7 сәуірде ереуілге шыққандар Бішкекте «Ақ үйді» басып алды. Билік көтеріліске шыққандарға қарсы оқ атып, соның салдарынан 87 адам қаза болды.

Сәуір көтерілісінен билік құлады. Құрманбек Бәкиев пен оның туыстары, сонымен бірге бірқатар шенеунік елден қашты.

Сәуір оқиғасы бойынша сот бірнеше жылға созылып, 28 адамға үкім шықты. Құрманбек Бәкиев пен оның үлкен ұлы Марат сырттай 30 жылға, ал Жаныш пен Максим Бәкиевтер өмірлік түрме жазасына кесілді.

XS
SM
MD
LG