Ссылки доступа

Мәскеу соты «Крокус» ісіндегі күдіктілердің бірін қамаудан босатпады


Мәскеу қалалық соты 25 маусымда «Крокус» ісіндегі күдікті Мұхаммадсобир Файзовты қамауда ұстау мерзімін созу туралы шешімді өзгертпеді. Бұның алдында Басман аудандық соты оны 22 тамызға дейін тергеу изоляторында қалдыру жөнінде шешім шығарған.

19 жастағы тәжік Мұхаммадсобир Файзов биыл 23 наурызда Ресейде ұсталған. Оны сотқа ауруханадан көтеріп алып келді. Дәрігерлер күдіктіге катетер орнатқан. Файзовты ұстау кезінде ол қарсылық көрсетіп, бір көзі қатты зақымданған делінеді. Күдіктіден аурухананың жансақтау бөлімінде жауап алынған.

Мұхаммадсобирдің анасы Сайрам Файзова биыл наурызда Азаттықтың Тәжік қызметіне баласы шабуылға қатысқан дегенге сенбейтінін мәлімдеген. Оның айтуынша, Мұхаммадсобир дінге берілген адам емес, «дұғаны да дұрыстап оқымайтын».

«Крокус Сити Холл» концерт залына шабуыл биыл 22 наурызда кешке жасалған. Терактіден 144 адам қаза болып, 500-ден аса адам жараланған. Шабуыл жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» ұйымы өз мойнына алған. Алайда Ресей билігі шабуылдың артында Украина тұр деп есептейді. Киев мұндай айыпты жоққа шығарады.

Мәліметтерге қарағанда, «Крокус» ісі бойынша 20-дан астам адам ұсталған. Олардың ішінде Тәжікстанның кем дегенде 12 азаматы бар. Тергеушілер төрт адамды шабуылды орындаушы деп есептейді. Олар: Мұхаммадсобир Файзов, Далерджон Мирзоев, Саидакрам Раджабализода және Фаридун Шамсиддин.

XS
SM
MD
LG