Ссылки доступа

Айдос Садықовтың өліміне күдіктілер Молдова арқылы ұшып кеткен


Киевте қазақстандық журналист және оппозициялық белсенді Айдос Садықовты өлтіруге күдіктілер Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев Украинадан Молдова арқылы ұшып кеткен.

Бұл жөнінде "Молдова: Актуально" телеграм-каналы шекара қызметіндегі дереккөзге сүйеніп хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, күдіктілер Молдоваға 18 маусымда "Паланка" өткізу бекеті арқылы кіріп, 19 маусымда Кишинев әуежайынан Антальяға (Түркия) ұшып кеткен.

Украина бас прокуратурасы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты күдіктілерге тағылған айыпты "адам өлтіруге оқталу" бабынан "тапсырыс бойынша және топ болып адамды қасана өлтіру" бабына ауыстырды. Бұл туралы бас прокуратураның телеграм-арнасы хабарлады.

Қастандыққа ұшыраған Садықов 2 шілдеге қараған түні Киевтегі ауруханада көз жұмған. Қазір бұл істі Украина ұлттық полициясының бас басқармасы тергеп жатыр.

Украина Қылмыстық кодексіндегі "Тапсырыс бойынша және топ болып адамды қасана өлтіру" бабында 15 жылдан өмір бойына түрме жазасына кесу айыбы қарастырылған.

Киевте тұратын 56 жастағы қазақстандық белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу 18 маусымда көлігінің ішінде атып кеткен. Оқ самайына тиіп, ауруханада ота жасалған. Ол сода бері жансақтау бөлімінде жатқан.

Кейін Украина бас прокуратурасы Садықовқа қастандыққа күдікті ретінде Қазақстанның екі азаматы Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты атаған. Артынша Алтай Жақанбаев ұсталды, Қаратаев іздестіріліп жатыр.

Садықовтың әйелі Наталья Садықова қастандыққа Қазақстан билігін айыптайды.

Қастандық болған күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайтқа байланысты дипломаттар мен күштік құрылымдарға тапсырма бергенін, елдің ресми органдары " істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын" екенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін Қазақстан бас прокуратурасы арнайы жедел іздестіру тобын құрып, тергеу бастағанын және қылмысты ашып, күдіктілерді ұстау мақсатындағы шараларды қолға алғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG