«9 шілдеде Абай облысының аумағында ІІМ, ҰҚК және прокуратура қызметкерлері қылмыстық топты әшкереледі. Осы топ «Семей орманы» филиалы директорының басқаруымен әрекет еткен» деп хабарлады сайт.
Мәліметтерге қарағанда, полицияға 20-дан астам адам жеткізілген. Тінту жүргізіліп, тоғыз текше метр орман алқабында оталған ағаш, ағаш кесетін станоктар, ақша және құжаттар тәркіленген.
Филиал директоры мен оның сыбайластары тергеу изоляторына қамалды. ІІМ оның нақты қай филиалдың басшысы екенін айтпады.
Былтыр жазда Абай облысындағы «Семей орманы» қорығында өрт болып, 60 мың гектар орман күлге айналған. 14 адам қаза болған. Бір адам із-түссіз жоғалған. Орман жұмысшылары тілсіз жаумен мардымсыз құрал-саймандармен күресуге талпынған.
Биыл мамырда «Семей орманы» қорығының екі қызметкері өрт қауіпсіздігі тәртібін сақтамағаны үшін жеті жылға сотталған. Олардың бірі – Мұрат Қарымов директордың міндетін атқарушы қызметінде бар болғаны жарты ай істеген.