«7-арнаға» берген сұхбатында Тәшиев арнайы операцияның барысы туралы баяндады.
Арнайы қызмет басшының айтуынша, күдіктілер ұзақ уақыт бақылауда болған. «Біз олар туралы толық мәлімет жинадық. Қару, әскери киім алып, дрон іздегенін, жарылғыш затты қолдан жасау әдісін білгісі келетінін білдік. Біз олардың қаруды қайдан сатып алып жүргенін, қайда жиналатынын анықтадық. Соның бәрін видеоға түсірдік. Бәрі дайын болған уақытта жігіттер оларды ұстады. Әскери киім киген олар халықты көтеріп, зорлық әрекетке итермелемек болған. Жымысқы әрекетін жүзеге асыра алған уақытта әскери киімдегілер үстіндегісін шешіп, халық жағына өттік деп мәлімдемек болған» дейді Тәшиев.
ҰҚМК шілденің басында Қырғызстанның бес азаматы билікті күшпен басып алуды жоспарлады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Мәліметтерге қарағанда, арнайы қызмет тінту жүргізіп, қару-жарақ, әскери киім, дрондар және экстремистік әдебиет тәркілеген.