Ссылки доступа

Қырғызстанда жыл басынан бері алты қыз алып қашу оқиғасы тіркелген


Қырғызстан милициясы биыл алты айда қыз алып қашуға қатысты алты оқиғаны тіркеді. Бұл туралы 31 шілдедегі брифингте ІІМ тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Элиза Шалбаева мәлімдеді.

Тергеушілер мәліметінше, жылдың алғашқы жартысында бес оқиға бойынша материалдар сотқа жолданған, бір іс қылмыс құрамы жоқтығына байланысты тоқтатылған.

Биыл кәмелет жасқа толмаған қыздарды алып қашу оқиғасы милицияда тіркелмеген. Қылмыстың мұндай түріне ауыр жаза қарастырылған, сол себепті қылмыстық іс жәбірленушінің арызынсыз қозғалады, ал кінәлі тараптардың ымыраға келуіне байланысты жауаптан босатылмайды.

Милиция биыл «мәжбүрлеп некеге тұрғызу» бабы бойынша екі іс қозғаған, біреуін сотқа жолдаған.
Қырғызстанда қыз алып қашуға қатысты жауапкершілік күшейгеніне қарамастан осындай оқиғалар жиі болып тұрады. Солардың бірі 2021 жылғы сәуірде болған. Сол кезде 27 жастағы Айзада Қанатбекованың ісі қоғамды дүр сілкіндірген.

Екі күннен кейін Айзаданың, сонымен бірге оны алып қашқан жігіттің денесі Бішкек маңындағы көліктен табылған. Тергеу нұсқасына қарағанда, жігіт қызды алып қашқан, бірақ қыз оған көнбеген. Содан кейін жігіт қызды зорлап өлтіріп, содан кейін өзіне қол жұмсаған.

XS
SM
MD
LG