Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі Ресейдің көші-қон заңдарын қатайтуына қатысты мәлімдеме жасады


Қырғызстан үкімет басшысының орынбасары Еділ Байсалов Ресейдің көші-қон заңдарын қатайтуына қатысты пікірін 2 тамызда Х әлеуметтік желісіне жазды.

Байсаловтың пікірінше, Ресей думасында талқыланып жатқан өзгертулер мен шектеулердің «Қырғыз Республикасы азаматтарына қатысы жоқ».


«ЕАЭО қағидаларына сай, азаматтарымыздың еңбек нарығына еркін кіруге құқығы бар.
Азаматтарымызды үшінші бір елдердің мигранттары деп қарастырар болса, онда ЕАЭО-ға қатысудың мәні кетіп қалады» деп жазды ол.

Ресей билігі көші-қон заңдарын қатайтатын бірнеше заң жобасын қабылдап үлгерген. Мигранттарға қатысы бар тағы бір құжатты дума депутаттары шілденің аяғында мақұлдаған.

Жаңа ережеге сәйкес, полицияға мигранттарды депортациялау құқығы беріледі. Сонымен бірге визасыз жүру уақыты екі есе қысқарды. Бұған қоса, жақында дума Ресей азаматтығын қабылдаған шетел азаматтарының армияда қызмет ету мерзімін екі жылға дейін созуды көздейтін ұсынысты талқылай бастайды.

Қырғызстан еңбек министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылдың алғашқы алты айында Ресейде жұмыс істейтін 4700-ге жуық қырғызстандық құқықтарын қорғауды өтініп, министрлікке арызданған.

Ресми мәліметтерге қарағанда, 655,5 мың азамат шетелде миграцияда жүр. 400 мыңнан аса қырғыз азаматы Ресейде жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG