Ссылки доступа

Жоғарғы сот "әуежайды басып алу" ісі бойынша адвокаттардың лицензиясынан айыру жөніндегі қаулының күшін жойды


Жоғарғы сот Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу" ісіндегі адвокаттардың лицензиясынан айыру жөніндегі жеке қаулының күшін жойды.

Бұл жөнінде осы іс бойынша сотталған Әйгерім Тілеужанованың адвокты Айнара Айдарханова хабарлады.

Мәселе бұл іс бойынша айыпталғандарды қорғаған бес адвокатқа қатысты. Олар сотталушы Шілібаев пен Далибаевтың адвокаты — Шынқуат Байжанов, Қалас Нүрпейісовтің адвокаты Абзал Айдарханов және Әйгерім Тілеужанованың адвокаттары Гүлнара Жуаспаева, Айнара Айдарханова мен Василий Садыков.

"Прокурор қаулыны өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Бірақ біз бәрібір сотқа келдік", - деді Айдарханова.

2023 жылдың күзінде Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша сот аталған адвокаттар сот отырысын жария түрде бұзды деп айыптаған.

Сот олардың лицензиясынан айыру жөнінде шешім шығарған.

Биыл шілдеде сот "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужанованы 4 жылға, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ғимаратқа шабуыл жасау", "көлікті айдап кету", "тонау" баптары бойынша айып тағылған. Айыпталушылар үкіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.

Биыл шілде айында Жоғарғы сот сотталушылардың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Тілеужанованың адвокаты Айнара Айдарханова халықаралық инстанцияларға, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG