Ссылки доступа

1,4 миллионға жуық ауған қызы мектепте оқи алмады


Ауғанстанда 2021 жылдан бері кем дегенде 1,4 миллион қыз тәліптер тыйым салдарынан орта білім ала алмады. Бұл туралы бейсенбі күні ЮНЕСКО хабарлады.

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі агенттігінің (ЮНЕСКО) мәлімдеуінше, "Талибан" Ауғанстанның білім саласында жиырма жылда жеткен жетістігін "бір сәтте жоқ қылды десе болады". "Өскелең ұрпақ болашағы қыл үстінде тұр" деп ескертті ЮНЕСКО.

Агенттік мәлімдемесі тәліптер Кабулды басып алғанына үш жыл толуын тойлап жатқан уақытта жарияланып отыр.

2021 жылы тәліптер Ауғанстанда билікке қайта оралғаннан кейін әйелдерді бірден қоғам өмірінен шектетті. Оларға жұмыстың көптеген түрін істеуге, саябақта серуендеуге, спортзалға баруға тыйым салынды. Бұған қоса, қыздар мен әйелдер орта және жоғары білім алу мүмкіндігінен айрылды. Олар қоғамдық орындарда толықтай жабық киіммен жүруі тиіс.

ЮНЕСКО мәліметінше, тәліптер тыйымына дейін де мектепке бармаған қыздарды қоса есептесек, Ауғанстанда екі жарым миллионға жуық қыз, яғни мектеп жасындағы ауған қыздарының 80 пайызы орта білім ала алмаған.

2021 жылдан бері Ауғанстанда бастауыш мектепте оқитындар саны 1,1 миллионға қысқарған. Бұған биліктің әйел мұғалімдерге ер балаға сабақ беруге тыйым салуы, ата-аналардың баланы мектепке жіберуге құлықсыздығы әсер еткен.

Тәліптер Ауғанстанда билікке қайта келгелі бері университеттердегі студенттер саны 53 пайызға азайған.

Ауғанстан - қыздардың білімі алты сыныппен ғана шектелген әлемдегі жалғыз ел. Білім алуды шектеу - тәліптер үкіметіне қарата айтылып жатқан сындардың біреуі ғана.

XS
SM
MD
LG