Ссылки доступа

Қырғыз депутаты Нұржігіт Қадырбеков тергеуге алынды


Жогорку Кеңеш депутаты, "Ыйман" қорының бұрынғы жетекшісі Нұржігіт Қадырбеков Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетке сұрақ беріп шықты.

Тергеуден шыққаннан кейін журналистерге пікір білдіріп, қор қызметіне байланысты куәгер ретінде жауап бергенін айтты. Ол тергеу құпиялары бойынша қағазға қол қойғанын, қалған мәліметтерді айта алмайтынын жеткізді. Ол тергеуде үш сағаттан аса болған.

Биыл 22 шілдеде қаржы министрлігінің ішкі аудит қызметі "Ыйман" қорының қызметін тексеруді бастаған.

Аудит мәліметінше, "Ыйман" қорына 2014-2015 жылдары 5 млн 104 мың 524 доллар түскен. Оның 4 млн 999 мың 674 долларын Түркияның мәдениет министрлігі жанындағы Қызметтестік және үйлестіру агенттігі Қырғызстандағы діни білім беруді ретке келтіру мақсатында ақша аударған.

Бұдан бөлек 2014-2018 жылдары қордың есебі 24 млн 866 мың 512 сомға толыққан. Бұл ақшаны әртүрлі қорлар, жеке тұлғалар аударған.

Аудит нәтижесі бойынша көрсетілген сома бойынша бухгалтерлік есеп, бірқатар қажетті құжаттардың жоқ екені айтылады. Бұдан кейін тексерулер "Ыйман" қорына толыққанды аудит жүргізу мүмкін емес" деген қорытындыға келеді.

9 тамызда Бішкектің Бірінші май аудандық соты "Ыйман" қорының бұрынғы есепшісі Индира Ашированы екі айға қамауға алғаны белгілі болды.

Түркиядан ақша келген жылдары "Ыйман қорын" Искендер Ормон уулу мен Нұржігіт Қадырбеков басқарған. Қадырбековтен "Ыйман" қорын Самаган Мырзаибраимов, одан кейін Рахматулла Эгембердиев, Зикрулло Махамат уулу басқарған. 2024 жылдың маусым айынан бері Жанузак Туран уулу басқарып келеді.

XS
SM
MD
LG