Ссылки доступа

"Тыр-жалаңаш шешіндіріп отырып-тұруға мәжбүрледі". Түрмедегі Жыланбаев адвокаты арқылы елге не айтты?


Марат Жыланбаев
Марат Жыланбаев

Степногорск қаласындағы №4 мекемеде жазасын өтеп жатқан белгілі марафоншы, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ лидері Марат Жыланбаев екі айлық тәртіп изоляторынан шықты. Адвокаты оның түрмедегі хал-ахуалы туралы Азаттыққа айтып берді.

Марафоншы Марат Жыланбаев 19 тамызда 61 жасын Степногорскідегі абақтының тәртіп изоляторында қарсы алды. Ол бұл жерде екі ай – 20 маусымнан 20 тамызға дейін жатқан.

Мұның алдында Жыланбаев басқа сотталушылар өзіне қоқан-лоқы жасап, абақты қызметкерлерінен қысым көргенін айтқан еді. Бұған наразылық ретінде ол бір ай аштық жариялаған.

– Марат аштығын 21 шілдеде тоқтатты. Бірақ оның өміріне қауіп азайған жоқ. Оған түрме басшылығы басқа сотталушыларды айдап салып, әлі де арандату жасап отыр. Мұны Мараттың өзі маған кездесуде айтып, қоғамдық талқыға шығаруды өтінді. Бұған қоса, оған тінту жасаған кезде оның сарымсақ, пияз тәрізді тағамдарын түрме қызметкері әдейі пышақпен тесіп, екіге бөліп кетеді екен. Одан соң ол тағамдар жеуге жарамайды, – деді Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев.

Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаев тәртіп изоляторына түсер алдында "Менің құқығымды бұзбаңыздар! Ластаев [Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілi] келсін! Прокурор келсін! Сотталушылар жағдайы жасалсын!" деген жазу жазылған плакат көтеріп, плацта жүрген.

– Осы талабымнан соң мені тыр-жалаңаш шешіндіріп отырып-тұруға мәжбүрледі. Рациядан түрме басшысы орынбасарының "мәжбүрле оны, тағы да жаттығу жасат" дегенін естідім" деді маған Марат. Себеп болмаса да жиі тінту жасайтынын да айтты, – деді Досқараев.

Бірақ Жыланбаев өтінген Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев түрмеге келмеген. 19 маусымда оның орнына Ақмола облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі өкіл Абылай Мұханжаров Жыланбаевқа жолығып, оған түрме қызметкерлері қысым жасап жатыр деген сөзді жоққа шығарған. Ол Жыланбаевқа қысқа толқынды пеш, кір жуатын машина жеткізілгенін айтқан.

– Жыланбаев кір машина, қысқа толқынды пеш пайдаланып жатқанына көз жеткіздім. Сотталушылар қысымына қатысты ешкімнің атын атап, шағым түсірмеді. Ал оның тамақ, кір жууға қажетті заттар жайлы, спортпен айналысуына мүмкіндік беру тәрізді талаптары орындалды. Мен осыған қатты назар аудардым, – деген еді Абылай Мұханжаров Азаттыққа.

Досқараев бұл игіліктер омбудсмен кеткен соң алынып тасталған деп отыр. Адвокаттың айтуынша, Жыланбаевтың талабынан соң абақтыдағы тамақтың құрамы мен калориясы бірсыпыра жақсарған.

– Марат абақтыда 150 адамның көзінше тамақтану нормасын сақтауды ашық талап еткен. Ол бұрынғы ресторатор әрі спортшы ретінде бір адамға қажетті күндік норманы жақсы біледі. Рационда қанша грамм ет, жарма, макарон және басқа азық-түлік болуы керегін, көкөністер мен жеміс-жидек болуын, май көбірек берілуін, кір жуатын ұнтақ беруді талап еткен. "Киімімізді тек сабынмен жуамыз, кір жуатын ұнтақ мүлдем жоқ" дейтін. "Күресімді тоқтатпаймын, күресім жалғасады деп айтыңыз" деп сәлем айтты, – деді оның сөзін жеткізген адвокат Досқарев.

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №4 мекемесінің бастығы міндетін атқарушы Қанат Тулақов адвокаттың мәлімдемелерін жоққа шығарды.

– Ол кісінің [Досқараевтың] сөзіне келіспеймін. [Жыланбаевтың] жағдайы жақсы. Отрядына қосылды. Бояу, қарындаштарын бердік. Газеттерін алып жүр. Ал маған дейінгі поштаны алмағаны үшін мен жауап бермеймін, себебі мен басқа адамның артын қопармаймын, – деді ол Азаттыққа.

Марат Жыланбаев 2023 жылы мамырда Қаңтар оқиғасын ашық тергеуді талап етіп, наразылыққа шыққаны үшін "заңсыз митингіге шығу" бабымен әкімшілік қамауға алынған. Әкімшілік жаза мерзімі біткен соң марафоншыға "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағып, оны тергеу изоляторына қамаған. Жыланбаевқа Қазақстан соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының мүшелерімен байланысы болғаны үшін әлгіндей айыптар тағылған.

2023 жылы Марат Жыланбаев жабық сот процесінде шыққан үкім бойынша жеті жылға бостандығынан айырылды. Ол түрмеде адам құқықтары бұзылғанына наразылық ретінде және сот шешіміне келіспей бірнеше мәрте аштық жариялаған.

XS
SM
MD
LG