Ссылки доступа

Қазақстандық дзюдошы Ақмарал Науатбек – Париж паралимпиадасы чемпионы


Қазақстандық Ақмарал Науатбек Парижде өтіп жатқан паралимпиада ойындарында дзюдодан 48 келіде чемпион атанды. Финалда Сандрин Мартинетпен (Франция) күрескен Ақмарал таза жеңіспен (иппон) алтын медаль иеленді. Ақмарал Парижде татамиде кездескен үш бәсекелесін де иппонмен жеңді.

Бұл – Қазақстанның Париж паралимпиадасындағы екінші алтын медалі. 4 қыркүйекте пауэрлифтингтен Давид Дегтярев чемпион болды.

Ақмарал Науатбек 2017-2019 жылдары Қазақстанның жастар құрамасы қатарында дзюдодан әлем чемпионатына қатысқан. Кейін көру қабілеті нашарлап, 2021 жылы пара дзюдоға ауысқан.

Ақмарал – ел тарихында паралимпиада ойындарында алтын алған үшінші қазақстандық спортшы. Бұған дейін 2016 жылы Риода жүзуден Зүлфия Ғабидуллина және пауэрлифтингтен Давид Дегтярев (Токио-2020, Париж-2024) паралимпиада чемпионы болған.

5 қыркүйекте қазақстандық Нұрдәулет Жұмағали 100 метрге брасс әдісімен (SB13 санаты, көзі нашар көретін спортшыларға берілетін классификация) жүзуден күміс медаль алды. Жұмағали бұған дейін Токио паралимпиадасында қола медаль иеленген.

Қазір Қазақстан құрамасында Париж паралимпиадасының екі алтын, екі күміс, бір қола медалі бар. Бұған дейін нысана көздеуден Еркін Ғаббасов күміс жүлде, Дастан Мұқашбеков жеңіл атлетика бойынша ядро лақтырудан қола медаль иеленді.

Париждегі паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысып жатыр. Биыл ел құрамасы паралимпиадаға 9 спорт түрінен – дзюдо, пауэрлифтинг, таэквондо, жеңіл атлетика, нысана көздеу, үстел теннисі, жүзу, каноэ және волейболдан сынға түседі. Спорт комитеті биыл Қазақстанның паралимпиада спортшылары үстел теннисінен және әйелдер арасындағы каноэден бірінші рет лицензия жеңіп алғанын хабарлаған.

Париждегі паралимпиада ойындары 8 қыркүйекте аяқталады.

XS
SM
MD
LG