Ссылки доступа

Ауғанстан СІМ "Талибанды" тыйым салынған ұйымдар қатарынан шығарғаны үшін Қырғызстанға алғыс айтты

Ауғанстан сыртқы істер министрлігі Қырғызстан билігіне "Талибан" қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастағаны үшін алғыс айтты. Мәлімдеме 5 қыркүйекте ауған министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

Ауғанстан СІМ басқа да елдер секілді Қырғызстанның да осындай шешім қабылдауы "Ауғанстан Ислам Әмірлігін аймақта, халықаралық деңгейде саяси тұрғыда мойындау арта түскенін көрсетеді" деп есептейді.

Мәлімдемені Ауғанстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдул Кахар Балхи Х әлеуметтік желісіне жариялады.

"Талибан" қозғалысы Қырғызстан бас прокуратурасының ел аумағында тыйым салынған ұйымдар тізімінен түсіп қалғаны жақында ғана мәлім болған. Алайда Қырғызстан дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия тізімінде "Талибан" бар.

Мемлекеттік комиссия тізімінде "Талибан" қозғалысы террористік ұйым деп танылып, оның қызметіне Қырғызстан аумағында тыйым салынғаны жазылған. Осындай шешімді 2006 жылғы 15 қыркүйекте Бішектің Бірінші май аудандық соты қабылдаған.

Бас прокуратура әзірге тізімдегі өзгеріс пен Ауғанстан СІМ мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

"Талибан" радикал қозғалысы 2021 жылғы тамызда Ауғанстанда билікке қайта келді. Содан бері тәліптер әлемдік қауымдастық алдында өзін мойындатуға талпыныс жасап жатыр.

XS
SM
MD
LG