Ссылки доступа

Қырғыз белсендісі Алға Кылычевтің ауруханаға түскені хабарланды


Кой-Таш оқиғасына байланысты он жылға сотталып, Бішкектегі №1 тергеу абақтысында жатқан Алға Кылычевтің денсаулығы нашарлап, аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Азиза Абдирасулова мәлімдеді.

Оның сөзінше, түрмеде Кылычевтің денсаулығы бірден нашарлап кеткен. Бұл ақпаратты Кылычевтің адвокаты Жанат Гүлжігітов растап, оның Ұлттық госпитальдың жансақтау бөліміне түскенін жеткізді.

Азаматтық белсенді, КСДП партиясының саяси кеңесінің мүшесі Алға Кылычев 21 маусымда Аламүдүн аудандық соты тарабынан 2019 жылдағы Кой-Таш оқиғасы бойынша кінәлі деп танылып, он жылға сотталған. Ол сот үкіміне келіспейтінін мәлімдеген.

Кой-Таш оқиғасы бойынша сот отырысы 2022 жылдан бері жалғасып келеді.

Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған Алмазбек Атамбаев 2019 жылы "Батукаев ісі" бойынша Кой-Таштағы үйінде қамалып, қамауға алынған. Оны қолға түсіру операциясы кезінде бір офицер қаза болып, 175 адам жарақат алған. 2019 жылдан бері қамауда отырған Алмазбек Атамбаев былтыр 14 ақпанда абақтыда босатылған және 15 ақпанда емделу үшін Испанияға ұшып кеткен.

XS
SM
MD
LG