Оқиға 12 қыркүйекке қараған түні осы ауылда болған. Марқұмдардың туысы Айнұр Байболатованың Азаттыққа айтуынша, жастай жесір қалған 45 жастағы жеңгесі 15 жастағы қызымен бірге тұрған. Олардың денесі төсегінен табылған.
"Ұрып-соғып екеуін де өлтірген. Зорлық-зомбылық жасаған. Жеңгемді кірпішпен ұрып, бас сүйегін шашып тастаған. Сіңлімнің денесін тістемеген жері қалмаған. Үйдің іші қан-жоса. Күдікке ілінген - ауылдың адамы, көршіміз. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеген" деді Байболатова Азаттыққа.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен іс қозғалғанын, күдікті ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады.
Облыстық білім басқармасы күдікке ілінген адамның білім саласында жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Келес ауданындағы Көлтоған орта мектебінің директоры күдікті бұрын осы мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болғанын растады. Ол "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасымен осында келген. Оның бұл мектепте қанша жұмыс істегені нақты айтылмайды. Марқұм болған қыз осы мектептің 10-сыныбында оқыған.